6-нұсқа
6-нұсқа
«Отбасы және демографиялық өзгеріс» бөлімі
Төменде берілген екі мәтінді оқып, тапсырманы орындаңыз.
А мәтіні: ғаламтор мақаласынан үзінді
Демография - мемлекет дамуының кепілі Демография – кез келген мемлекет үшін маңызды мәселе. Өйткені қай мемлекеттің де дамуына халық саны ықпал етеді. Сондықтан Мемлекет басшысы да жыл сайынғы Жолдауының бiр тармағын демографиялық ахуалға арнайды. Әсіресе, Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясында демографиялық ахуалға айрықша көңіл бөлді. 2018 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша еліміздегі халық саны 18 миллион 272 мың 400 адамға жетті. Статистикалық деректерге шолу жасағанда халық санының өсуі бірінші кезекте туу көрсеткішіне тәуелді болып отырғаны аңғарылады. Жалпы, демографиялық өсімді арттыру үшін ана мен бала денсаулығында ешқандай кінәрат болмауы тиіс. Халық денсаулығын жақсарту мақсатында арнайы бағдарламалар да қабылданды. Ана мен бала денсаулығы – демографиялық саясаттың негізгі көрсеткіші. Демографиялық ахуалдың түзелуі – елдің экономикалық әлеуеті, әлеуметтік қорғалуы мен медициналық қызмет сапасының артуына тікелей байланысты. Мемлекет басшысының бастамасымен 2030 жылға дейін жүзеге асатын «Отбасылық-гендерлік саясат жөніндегі концепция» іске қосылды. Әлеуметтік төлемдердің жыл сайын артуы – отбасылық-демографиялық ахуалға да оң әсер етуде. Бүгінде жыл сайын елімізде 300-400 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Мемлекет тарапынан арнайы бағдарламалар жүзеге асып, жүйелі жұмыс істеп отырса, ол елдегі демографиялық ахуалдың жақсаруына дем бере алады. Ал егер мемлекеттік тұрғыда ұлттық құндылықтар мен отбасы институтын нығайтуға бағытталған шаралар жалғасын тапса, демографиялық өсімнің одан ары дамуына жол ашылады. (192 сөз) //turkystan.kz/article/71428-demografiya-memleket-damuyny-kepili |
Ә мәтіні: ғаламтор мақаласынан үзінді
Орталық Азияның демографиялық ахуалы Серік Қаржаубаев, сарапшы: - Бүгінгі таңда Қазақстан мен жалпы Орталық Азия елдеріндегі халықтың өмір сүру деңгейі біршама жақсарып келеді. Әлеуметтік мәселелерді шешудің арқасында халықтың өмір сүру ұзақтығы артып отыр. Қарт адамдардың қатары 4,5 пайызға өскен. Бұның бәрі аймақтағы тұрғындардың көбеюіне оң әсерін тигізуде. Біріккен Ұлттар Ұйымы жүргізген зерттеу нәтижесінің қорытындысы бойынша, аймақтағы орташа өмір сүру ұзақтығының көрсеткіші артқан. Мәселен, Өзбекстанда ол – 73,8 жас, Тәжікстанда – 73,7, Қазақстанда бұл көрсеткіш – 72,4 жасқа жетсе, Қырғызстанда – 70,9 жасты құрап отыр, Ал Түркменстаннның орташа өмір сүру ұзақтығы – 70,4 жас. Жалпы аймақтағы аға буын өкілдерінің үлесі 5 пайызға артқандығы байқалады. Бұл орайда, ең жоғарғы өсім Қазақстанда болса, ең төменгі көрсеткіш Тәжікстан елінде тіркеліпті. Сондай-ақ отандық сарапшылардың мәлімдеуінше, бүгінде Орталық Азия елдеріндегі 14 жасқа дейінгі балалардың саны 20,5 млн-нан асыпты. Бұл аймақтағы бар тұрғындар санының 29 пайызына тең. Осы тұрғыда, Тәжікстан елі көш бастаса, Қырғызстандағы көрсеткіш баяулай түскен. Егер де бұл өсім бүгінгі қарқынынан таймаса, 2018 жылы аймақтағы балалардың үлесі 30 пайызға жететін болады. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Демографтардың айтуынша, қазір өңірде туу көрсеткіштері өсіп, халықтың негізгі дені жастардың үлесінде. Осылайша, өткен ғасырдың 80 жылдарындағы қалыпты дамыған демографиялық көрсеткіштердің деңгейіне жеттік деп сеніммен айта аламын.(195 сөз) https://kazakh-tv.kz/kg/view/society/page_190635_ Екі мәтіндегі ақпарат пен өз пікірлеріңізді пайдаланып, «Халық санының өсуі қоғам дамуының көрсеткіші бола ала ма?» деген тақырыпта эссе жазыңыз. Эсседегі сөз көлемі 100-150 сөз болуы қажет. [20] |