2-нұсқа
2-нұсқа
«Жаһандану мәселелері» бөлімі
Төменде берілген екі мәтінді оқып, тапсырманы орындаңыз.
А мәтіні: ғаламтор мақаласынан үзінді
Жаһандану және ұлттық тәрбие мәселесі Ұлттық тәрбие туралы идея бүгінгі күн талабы мен өмірлік қажеттіліктен туындап отыр. Қазақ елінің әлемдік кеңістікте өз жолын таңдауы- әрбір қазақтың емін-еркін өмір сүруінің кепілі. Ел болу, мемлекет құру - сонау түркі заманынан желісі үзілмей келе жатқан ұлттық арман-аңсар. Ел болу – болашаққа ашылған даңғыл жол. Сол болашаққа ашылған даңғыл жолды ұлттық тәрбие арқылы жүруді үйренсек, ешкімнен кем болмайтынымыз анық. Бұдан шығатын қорытынды – ұлттық тәрбие идеясы ата-бабалар алдындағы – қарыз бен өкшебасар ұрпақтың алдындағы – парыз деп түсінуіміз керек. Яғни, парыз бен қарыздың түйісер тұсы осы ұлттық тәрбие деп білеміз. Сондықтан мұнда алдымен мемлекет жасауға ұйытқы болып отырған этнос пен мемлекеттің мүддесі қатар тұруға тиіс. Өйткені, біз бұдан былайғы кезеңде бүкіл адамзат баласы жасаған өркениеттермен қатар дамуға тиіс мәдениеттің (қазақ мәдениетінің) мүшесі болып саналамыз. Ендеше, адамзат баласының осы уақытқа дейін жасаған озық тәжірибелері мен жетістіктерін қолдан келгенше түгел игеріп, қажетімізге пайдалануымыз керек. «Жаһандану үдерісінің осы мәселеге қатысты ақпараттық мәні — әлемдегі әр түрлі қиюласқан идеологиялардың өзіндік ішкі күресі мен тайталасы дәуірін бастан өткізе-тіндігі болып отыр. Мәселен, қазіргі қазақ қоғамындағы идеологиялық-ақпараттық кеңістікте: америкаландыру, вестернизация, исламдандыру, қайта қазақтандыру сияқты жағымды-жағымсыз немесе жағымсыз-жағымды қырлары бар әр түрлі идеялар билікке таласып келеді. Осы тұста, біздің қайта қазақтандыру үдерісіміздің бәсекеге қабілеттілік деңгейіне байланысты сауалдар туындайды. (197 сөз) http://startinfo.kz/buisness/shahandany-ulttuk-masels/ |
Ә мәтіні:
Жаһандану дәуірінде ұлттық сананы қалай қалыптастырамыз? Қазір барлық мемлекеттер жаһандану жағдайына бейімделіп күн кешуде. Бұл дегеніміз - батыстық өркениетті меңгеру жолында ұлттың төл тарихы мен мәдениетін жоғалту қаупі бар деген сөз. Батыстың білімі, ғылымы, технологиясы біздерге қажет-ақ, бірақ шамадан тыс еліктеу дәстүрлі тәрбиелік, адамгершілік құндылықтардан айырады. Сондықтан жаһандануды әрбір ұлт немесе мемлекет өз болмысына қарай бейімдеп сіңіре алса қауіпсіз болары анық. Қазақ халқы балаға тәрбие беру ісін қашанда үлкен даналықтың, көрінісі деп санаған. Сондықтан ұлттық тәрбиенің ең маңыздысы – әрбір жеке тұлғаның белгілі бір ұлттың мүшесі екенін сезінуге, ойлануға, бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеу. Себебі, талай халықтың дамыған ұлттың жетегінде кетіп, сол ұлтқа сіңіп, жоқ болып кететіні тарихтан аян. Сондықтан да ұлттық болмысымызды сақтап қалу үшін, қоғамда болып жатқан жаңалықтарды ақиқат ретінде қабылдап, озық бөлігін ұлт мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналдыра білуіміз керек. Өйткені мұндай жаңалықтарды жастар тез бойына сіңіріп алады. Біздің менталитетімізге еніп жатқан жаңалықтарды ұлттық болмысымызға қарай бағыттап, заман талабына сай әрекет етпесек, тарихи дәстүрлерімізді де жаңғырта алмаймыз. Елбасының Жолдауында «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясатының басымдылығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек» деп жастар мәселесіне көбірек көңіл бөлу керектігіне басты назар аударып отыр. (194 сөз) https://ult.kz/post/zha%D2%BBandanu-dauirinde-ulttyk-sanany-kalay-kalyptastyramyz Екі мәтіндегі ақпарат пен өз пікірлеріңізді пайдаланып, «Жаһандану дәуірінде ұлттық болмысымызды қалай сақтап қаламыз?» деген тақырыпта эссе жазыңыз. Эсседегі сөз көлемі 100-150 сөз болуы қажет. [20] |