4-нұсқа
4-нұсқа
«Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан. ЭКСПО-2017» бөлімі
Төменде берілген екі мәтінді оқып, тапсырманы орындаңыз.
А мәтіні: ғаламтор мақаласынан үзінді
Таным мен тағылым Бүгінде Тәуелсіздік құрдастары ойы толысқан отыз жасқа толды. Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше. Тіпті, Тәуелсіздікті ешбір дәлелді қажет етпейтін аксиома деп біледі. Бұл – егемендік ұғымы жастардың санасына берік орныққанын көрсететін қалыпты құбылыс. Бірақ Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек. Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиіс. Кезінде «Мәдени мұра» бағдарламасы ұлт шежіресін түгендеуге жол ашты. Отандық тарих ғылымы тың серпінмен дамып, түрлі бағыттар бойынша көптеген зерттеу жүргізілді. Бұрын бәймәлім болған қаншама тарихи деректер, археологиялық қазыналар табылды. Тарихымыз сан мың жылдан тамыр тартатынын айғақтайтын жаңалықтар ашылды. ...Тарихшылардың ғана емес, барша жұрттың, әсіресе, жас ұрпақтың тарихи санасы айқын әрі берік болуға тиіс. Бұл ретте, ауқымды көрмелермен немесе басқа да үлкен жобалармен әуестенбей, балаларға, жастарға арналған қарапайым әрі қабылдауға жеңіл туындыларға баса мән берген жөн. Мысалы, деректі және көркем фильмдерді алайық. Осы бағытта «Алмас қылыш», «Жау жүрек мың бала», «Томирис», «Кейкі батыр», «Тар заман» сияқты тарихи фильмдер түсірілді. Бірақ бұл әлі жеткіліксіз. Мен құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырамын. (206 сөз) egemen.kz: https://egemen.kz/article/260146-tauelsizdik-barinen-qymbat |
Ә мәтіні:
Қадірлі ел жастары! Білім жолындағы жас қырандар! Ықылым замандардан қалған «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген аталы сөз бар. Қазақтың бұл мақалының өзектілігі бүгінгі таңда тіптен айрықша. Терең білім - тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой – азаттығымыздың алдаспаны... Қымбатты жастар! Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов:«Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін - білім», - деген. Біз өрлеуді өмірінің өзегі еткен халықпыз. Мына заманда «өнердің кілтін тапқан ғана өрге шабады». Сендер тәуелсіз Қазақстанның келешегі үшін тарихи жауапкершілік арқалайтын азаматсыңдар. Осы жауапкершілікті сезіне біліңдер. Сендер Қазақстанның өз ғылымы мен технологиясын, өзіндік ұстанымын жасайтын ғылым иесі болуларың керек. Кез келген кәсіп иесі өз шаруасын тың тәсілмен, жаңа әдіспен істеуге ұмтылса ғана ешкім жетпеген табысқа жете алады. Өзгелер салған сүрлеуге түсіп, бөтен іздің шаңын жұту – Қазақстан жастарының таңдауы емес. Сендер, тәуелсіз қазақ елінің білімді жастары, өз соқпақтарыңды салып, оны елді дамуға бастайтын даңғылға айналдыруға тиіссіңдер! ... Адамзатты терең ойға кемел білім жетелейді. Оқыңдар! Білім алыңдар! Талаптана беріңдер! Тынымсыз еңбектеніңдер! Тұлпар дүлдүлдігімен, адам білгірлігімен озады. Беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін ешқашан өзгермеген, өзгермейтін темірқазықтар бар. Ол – білім! Ол – еңбек! Ел болашағының баянды болмағы – баста бұлықсыған білім мен қолда ойнаған еңбекке байланысты. Ендеше, білімдерің толыссын! Еңбектерің жансын! (201 сөз) «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты Елбасының Назарбаев Университетінде сөйлеген сөзінен. «Егемен Қазақстан» газетінен Екі мәтіндегі ақпарат пен өз пікірлеріңізді пайдаланып, «Тәуелсіздік тұғырлы болса, Еліміз де Мәңгілік!» деген тақырыпта эссе жазыңыз. Эсседегі сөз көлемі 100-150 сөз болуы қажет. [20] |