02
февраль
2023
"Музей - ел шежіресі" тақырыбында жылжымалы көрме
Антон Макаренко атындағы орта мектебінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорық қызметкерлері "Музей - ел шежіресі" тақырыбында жылжымалы көрме өткізді. Жылжымалы көрме барысында Көне Тараз қалашығынан табылған ортағасырлық жәдігерлер таныстырылып, өскелең ұрпаққа Жамбыл облысының тарихи-мәдени ескерткіштеріне тарихи шолу жасалды. Сондай-ақ, оқушылар назарына археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде Тараз қалашығынан табылған құнды жәдігерлер ұсынылды. Атап айтсақ, әр кезеңде басылған тиындар, мөр-таңбалар, көптеген құнды тарихи жәдігерлер: қазандар, табақтар, құмандар, шырағдандар, құмыралар сияқты заттардың тарихымен танысты. Құнды жәдігерлерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, насихаттау және дәріптеу жұмыстарын жүргізу басты мақсат болып табылады. Мектеп ұстаздары мен оқушылары жылжымалы көрмеден алған әсерлерін таңданыспен жеткізе отырып, музей ұжымына алғыс білдірді.




